Су тасқынына дайындық: гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізілді

Динара Амантай

Республика бойынша 8 бассейндік инспекция жұмыс істеп жатыр

Фото: Halyq Uni

Келер жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 8 бассейндік инспекция: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас жұмыс істейді.

Тобыл-Торғай бассейнінің су қоймалары 62%, Есіл бассейні су қоймалары 85%, Жайық-Каспий бассейні су қоймалары 37%, Ертіс бассейні су қоймалары 83%, Нұра-Сарысу бассейні су қоймалары 86%, Арал-Сырдария бассейні су қоймалары 23%, Балқаш-Алакөл бассейні су қоймалары 89% және Шу-Талас бассейніне қарасты су қоймаларына 54% су жиналған.

Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр және жоспар су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетіледі. Қазір солтүстік, батыс және шығыс өңірлердегі су қоймаларынан су жіберіліп жатыр. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдауға бос орынды қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істейді. Судың мол болуына байланысты 76%-ға толған Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасы транзиттік режимге ауыстырылады, – деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Имашева.