Halyq Uni логотип
×

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің міндеттері айқындалды

Бүгінде комитетке көп қызмет жүктелген

 Ербол Тұрымбет 05.11.2024 | 18:00
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің міндеттері айқындалды
Фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігі комитет ережелерін бекітті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті есірткі құралдарының, психотропты заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыруды үйлестіру, олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл саласында басшылықты іске асыратын Ішкі істер министрлігіне қарасты мекеме саналады.

Оның міндеттері келесідей:

  • Есірткі құралдарының, психотропты заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының айналымы, сондай-ақ, олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
  • Есірткі құқықбұзушылығының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін мекемеаралық үйлестіруді қамтамасыз ету;
  • Есірткі құралдарының, психотропты заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу;
  • Есірткі құралдарының, психотропты заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының айналымына мемлекеттік бақылауды іске асыруды ұйымдастыру.

Комитетке көп қызмет жүктелген. Мәселен есірткі құралдарының айналымы саласындағы қызметті реттеу бойынша денсаулық сақтау органдарына жәрдемдеседі. Уәкілетті органдармен бірлесіп аталған заттардың барлық түрі бойынша айналымының ауқымын болжайды.

Елдегі есірткі жағдайының ахуалын және даму үрдістерін, заңсыз айналымға есірткі жеткізудің өңіраралық көздері мен арналарын талдайды, оларды жабу шараларын әзірлейді және тиісті ақпараттық-талдау материалдарын дайындайды. Есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданудың алдын алумен айналысатын қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтардың жұмысын үйлестіреді.

Сонымен қатар осы саладағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру де комитет құзырында. Әрі осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты, сондай-ақ, елдегі осы сала бойынша қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ комитет құзырына бұдан өзге де бірқатар қызмет берілген.

Айта кетейік, аталған комитет Үкімет қаулысымен 2024 жылдың 14 қыркүйегінде Ішкі істер министрлігінің құрамындағы бесінші құрылым ретінде пайда болған еді. Бүгінде министрлікте Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Әкімшілік полиция комитеті, Көші-қон қызметі комитеті мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама