Техникалық байқау операторлары жұмысын бақылау күшейеді

Динара Амантай

Нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр

Көрнекі фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда рұқсат беру жүйесін енгізу арқылы техникалық байқау операторларының жұмысын бақылауды күшейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу көзделген.

Бұрын техникалық байқау орталығын ашу үшін материалдық-техникалық базаның, оның ішінде тиісті жабдықтың, ғимараттың және персоналдың бар екенін растамай, көліктік бақылаудың өңірлік инспекцияларына хабарлама жіберу жеткілікті болатын. Енді бақылауды күшейту үшін біз хабарламадан рұқсат беру жүйесіне көшеміз. Бұл заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге техникалық байқау орталықтарын ашуға рұқсат алу, сондай-ақ стандарттарға сәйкес келетін ғимараттың, тиісті сертификатталған жабдықтың және білікті мамандардың болуын растау қажет дегенді білдіреді. Бұл өзгерістер техникалық байқаудан өтудің сапасын қамтамасыз етпейтін операторларды нарықтан шығаруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті комитеті қызметкерлері.

Бүгінде аталмыш өзгерістер қарашаның ортасына дейін Үкіметтің ашық НҚА электрондық порталында талқылау үшін орналастырылды.

Бұл ретте жұмыс жасап тұрған операторларға материалдық-техникалық базаның болуын растауға 6 айға дейінгі мерзім берілмек.