Елімізде үй салу үшін жер беру талаптары өзгереді

Динара Амантай

Жер ресурстарын басқару комитеті тиісті бұйрық жобасын әзірледі

Фото: Halyq Uni

Елімізде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларына өзгеріс енгізіледі. Тиісті бұйрық жобасы қоғам талқысына ұсынылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Нақты айтқанда «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығына өзгерту енгізу көзделген.

Құжатқа сәйкес, сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге жол беріледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтау қарастырылмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сұраған кезде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнайы есепке алынады және бөліп беруге арналған алаңдарды дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады. Кодекстің 44-бабы 6-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін арнаулы есепке қоймай оларды беруге тыйым салынады, – делінген бұйрық жобасында.

Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Құжат Ашық НҚА порталында 2024 жылдың 19 қарашасына дейін жария талқыға ұсынылды.