Маңғыстау облысында онкологиялық науқастарға тиісті жәрдемақы берілмеген

Динара Амантай

Прокурорлық қадағалау актісі енгізілді

Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында онкологиялық науқастарға мүгедектік пен жәрдемақы берілмеген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратура мәліметінше, қолданыстағы заңнама талаптарына қарамастан, 3-4 топтағы онкологиямен ауыратын және паллиативтік көмек алатын 661 адам мүгедектікті рәсімдеу және кепілдік берілген әлеуметтік жәрдемақыны алу мүмкіндігінен айырылған.

Осылайша, емдеуші дәрігерлер көрсетілген науқастарға қатысты, оның ішінде кейбіреулері бес жылдан астам «Д» есебінде тұрған, мүгедектікті, еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша жұмыстар атқарылмаған.

Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Бүгінде олар толық жойылып, денсаулық сақтау басқармасы аталған қызметкерлерді медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұл процесс облыс прокуратурасының бақылауында.