5 мыңнан аса автобус жүргізушісіне айыппұл заңсыз салынған

Динара Амантай

Прокуратура негізсіз берілген нұсқамалардың күшін жойды

Фото: Halyq Uni

Алматы прокуратурасы жылдамдықты асырғаны үшін негізсіз айыппұл салынған автобус иелерінің бұзылған құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы 17 сәуірде ІІМ бұйрығымен елді мекенде автобустар мен шағын автобустар үшін жылдамдық режимін сағатына 50 шақырымға дейін төмендету туралы құқықтық актілерге өзгерістер енгізілген. 2024 жылдың 29 шілдесінен бастап «Сергек» АБК камералары көрсетілген жылдамдықты асыруды тіркеуге қайта бапталды. Алайда жолдарда тиісті ақпараттық белгілер орнатылмаған болып шықты.

Осының салдарынан аталған санаттағы көлік жүргізушілері жылдамдық режимін өзгертулерді білместіктен бұзған. Бұл ретте 5 мыңнан астам автобус иесіне айыппұл төлеу жөнінде заңсыз нұсқамалар берілген.

Прокуратураның актілері бойынша айыппұл төлеу туралы нұсқаманың күші жойылып, 3102 кәсіпкердің және 1995 азаматтың құқығы қорғалды.

Сонымен қатар айыппұл төлеу туралы нұсқамамен келіспеген көлік иелері оған жоғары тұрған органға немесе сотқа дербес шағымдануға құқылы екенін түсіндіреміз. Өз кезегінде орындалған нұсқамаларды, яғни 50% мөлшерінде ерікті түрде айыппұл төлеген, жауапқа тартылған адамның, қорғаушының, өкілдің арызы бойынша мұндай шешім шығарған орган жаңадан анықталған мән-жәйлар бойынша ғана мәселені қайта қарауы мүмкін, – делінген прокуратура хабарламасында.