Семейде қоғамдық көлік мәселесі қалай шешіледі – Ұранхаев жауап берді
Былтыр автобус жүргізушілері жалақысы 30%-ға көтерілген
Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейде қоғамдық көлік мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкіміне «Семейде қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Мәселені шешу үшін жолақы 80 теңгеден қымбаттай ма? Автобус жүргізушілерінің жалақысы да мәз емес деген ақпарат бар. БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, еңбекақысы 250 мың теңге шамасында. Мәселені шешу үшін не істеп жатырсыздар?» деген сауал жолданды.
Өңір басшысы бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді.
Семейде жолақысы қымбаттамайды. Себебі, біз бұрыннан субсидия төлеп жатырмыз. Қазір автобустардың 75-80%-ы маршрутқа шығады. Егер олар маршрутқа 100%-ы шықса, бюджеттен тасымалдаушыларға 9 млрд теңге көлемінде субсидия төлейміз. Бұл бюджетке ауыр тиеді.
Қазір компаниялар субсидия қаржысына автобус алып жатыр. Мысалы, былтыр 70-ке жуық автобус, ал биыл 70 автобус сатып алынды. Жаңа автобустарды сатып алсақ, маршрутқа шығуды 100%-ға жеткізу арқылы мәселені шешіміз, - деді Нұрлан Ұранхаев.
Сондай-ақ өңір басшысы автобус жүргізушілерінің жалақысы өскенін атап өтті.
Жыл сайын автобус жүргізушілерінің жалақысы көтеріледі. Жағдай жаман емес. Былтыр 30%-ға, биыл 20-30%-ға көтерілген, - деді облыс әкімі.