Украинада оқып жүрген 200 үндістандық студент Қазақстанға келетін болды
Оларды жатақханамен қамту мәселесі қарастырылып жатыр
Қазақстанның медицина университеттері Украинадағы үнді студенттерін қабылдауға дайын. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында айтты.
Үндістан үкіметі бізге ресми жүгінді. Кеше елімізге Үндістанның сыртқы істер және мәдениет министрі Минакши Лекхи келді. Кездесуде Украинада жиырма мыңнан астам студенттің білім ала алмай қалғаны туралы мәселе көтерілді және бізден көмек сұрады. Жалпы, біздің университеттер көмек көрсетуге, шамамен 200 студентті қабылдауға дайын, – деді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі мүмкіндікке қарай үндістандық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырып жатыр. Бұған қоса министр шетелдік студенттер оқу ақысын өздері төлейтінін айтты.