Атыраудан шыққан FlyArystan ұшағы Ақтауға екі рет қона алмады
Жоспар бойынша үшінші рет ұшқан рейстің қалай орындалғаны туралы ақпарат жоқ
Атырау қаласынан ұшып шыққан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Ақтауға қона алмай қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әуе компаниясының Атырау-Ақтау бағытындағы KC7277 рейсін ауа райына байланысты кейінге қалдырғаны белгілі болды.
Рейс 2 қарашада сағат 21:50-де ұшып шыққан, бірақ ұшақ қона алмады.
Ақтау қаласындағы ауа райының ахуалына байланысты (атап айтқанда, қою тұман және сәйкесінше көру мүмкіндігінің барынша төмендігі салдарынан) ұшақты қондыру мүмкін болмады. Атырау қаласына қайта қайту туралы шешім қабылданды, - делінген ресми хабарламада.
Екінші рейс бүгін сағат 06:50-де орындалды. Бірақ Ақтаудағы қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ тағы да Атырауға қайта оралды.
Әуе компаниясы рейстің жоспарланған үшінші ұшып шығу әрекеті туралы хабарлады. Алайда әлі оның қалай орындалғаны туралы ақпарат жоқ.