Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Бүгін Қарағанды облысында салынып жатқан зауыт аумағында ер адам биіктен құлап, мерт болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Болжам бойынша, марқұм мердігер компанияның қызметкері болып, монтаждау және дәнекерлеу жұмыстарымен айналысқан. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Салынып жатқан зауытта болған жазатайым оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін өңірде бүгін 3 жүк вагонының рельстен шығып кеткені хабарланған болатын. Алайда ол оқиға басқа пойыздардың кідірісіне себеп болған жоқ.