Қызылордада ІХ Республикалық әкелер форумы өтті

Халық үні

Алдағы уақытта мұндай іс-шара басқа өңірлерде де жалғасын табатын болады

фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Қызылордада «Тәрбие – тал бесіктен» тақырыбында IХ Республикалық әкелер форумы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Форумның мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру.

Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі мен жауапкершілігі талқыланған форумға зиялы қауым өкілдері, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, республиканың барлық өңірінен 150-ден аса делегат қатысты.

Форумның алғашқы күнінде қонақтарға Қызылорда қаласының көрікті жерлері мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар таныстырылса, екінші күні секциялық жұмыстар ұйымдастырылып, «Достық үйінде» пленарлық отырыспен қорытындыланды.

Форумға республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет, ЮНФПА-ның Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев, QAZAQSTAN ARDAGERLERI ассоциациясының төрағасы Бақытбек Смағұл, Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтар арнайы шақыртылды.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов форум қонақтарына облыс әкімінің лебізін жеткізді. Сондай-ақ отбасы құндылығы мен киелі шаңырақ қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, рухани-адамгершілік тәрбиесін дәріптеу мақсатында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Форум Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігінің және «Әкелер одағы» РҚБ-ның ұйымдастыруымен, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Алдағы уақытта Әкелер кеңесінің мәртебесін арттыру бағытында форумды басқа өңірлерде де өткізу жұмыстары жалғасын табатын болады.