Ондағы кітап қоры 1 млн кітаптан асады
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының ашылу салтанатына қатысып, оған белгілі педагог, ғалым Сералы Қаниевтің есімі берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Салтанатты рәсімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЖОО ректоры Гүлмира Қанай және т.б. қатысты.
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен жалпы қаламыз үшін атаулы оқиға – біз ең заманауи талаптар мен әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа кітапхананы ашамыз. Кітапхана көрнекті ғалым және ұстаз Сералы Қаниевтің есімімен аталады. Ол 35 жыл бойы осы университеттің қабырғасында еңбек етті, оның білімімен қанаттанған студенттер еліміздің әр өңірінде жемісті жұмыс істеп жүр. Өз мансаптары мен өмірлерінде биік межелерге қол жеткізуде, - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ ол қазіргі студенттерге оқуда және кәсіпте жоғары стандарттарға ұмтылуға, өз ісіне адал болуға тілек білдірді.
Кітапхана ғимаратын реконструкциялау қазақстандық және шетелдік сәулетшілердің жобасы бойынша және Сералы Қаниевтің ұлы – кәсіпкер Берік Қаниевтің қаражаты есебінен жүргізілді. Кітапхана ғимараты модернизацияланғаннан соң онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы кабинет пайда болды. Ғимаратты қайта құру жұмыстары жүргізілді, бұл кітапхананың жалпы аумағын 2 195 шаршы метрге, ал отыратын орындардың санын 550-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Жаңа кітапхана ғимаратында мыналар бар:
Кітапхананың кітап қоры 1 млн кітаптан асады.
Алматыда бүгінде 28 кітапхана жұмыс істейді. Жыл сайын қалалық кітапханаларға 3 миллионнан аса адам келеді. Қала кітапханаларының 95%-ы модернизацияланды, материалдық және техникалық база толығымен жаңартылды.
Жалпы, 2030 жылға дейін Алматыда тағы 20 жаңа кітапхана ашу жоспарланған.