Биыл мемлекеттік қызметкерлер де магистратураға түсе алады
Бүгін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құжат биыл 1-30 қараша аралығында онлайн форматта қабылданады.
Модульдік оқыту негізгі жұмыстан қол үзбей өз құзыретін арттырғысы келетін азаматтарға арналған. Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді. Конкурсқа мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатыса алады, – деді академия ректоры Ерлан Әбіл.
Оның айтуынша, магистратура бойынша бір жылдық 2 бағдарлама қарастырылған: Мемлекеттік басқару – Executive Master of Public Administration және Өңірлік даму – Master of Regional Development.
Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасына үміткерлердің басшылық лауазымдарда кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасына түсушілердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл болуы шарт. Биыл мемлекеттік қызметкерлерге де модульдік бағдарламалар бойынша магистратураға оқуға түсе алады. Олар мемлекеттік органнан жолдаманы ұсынуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын Qazaq resmi test немесе Қазтест сертификаты болуы қажет, – деп түсіндірді ректор.
Айта кетейік, биыл 4-7 желтоқсан аралығында іріктеу кезеңі өтеді: аналитикалық эссе жазу және сұхбат кезеңі (офлайн формат). 2025 жылғы 13 қаңтарда оқу басталады.
Оқуға түсу ережелері және құжат тізімі туралы толық ақпарат академияның ресми сайтында орналастырылған.