Бірнеше құрылыс компаниясы басшылары жауапқа тартылды
Алаяқтарға қатысты сот үкімдері шықты
Атырау облысында бірнеше құрылыс компаниясы басшылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратура мәліметінше, «Andora Construction» ЖШС директоры 2020-2023 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға келісім алмастан, 25 азаматқа алдын-ала жалған келісімдер жасау арқылы 313 миллион теңгеге пәтерлерді сатқан.
23 қазанда Атырау қаласы №2 сотының үкімімен серіктестік директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ, «Nazik Group» ЖШС директоры мен «Atameken Тұрғын Үй», «Family Town» және «Baisanat Residence» тұрғын үй кооперативінің құрылтайшысы да осыған ұқсас фактілер бойынша сотталды.
Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау негізінде биыл 2 құрылыс салушы компаниялар да әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі.