Жамбыл облысында аса ірі көлемде есірткі тәркіленді

Дәурен Ерболат

Ер адам кінәсін мойындады

Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында полиция есірткі сатумен айналысқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, облыстық ПД «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі облыстық прокуратурамен бірлесіп, аса ірі мөлшерде есірткіні сатудың жолын кесті.

Ер адам Мойынқұм ауданында ұсталды. Полицейлер Алматы – Екатеринбург тас жолының 430-шақырымында Lada-ны тоқтатқан. 31 жастағы жүргізушінің көлігін тексеру барысында 3 келі гашиш анықталып тәркіленді. Есірткі Тэя атты иттің көмегімен табылды.

Күдіктінің айтуынша, ол өзінің ауылынан жабайы қарасора тауып, үйінде сақтаған. Содан кейін есірткіні кофе тартқышта ұнтақтап, үлкен партияны полиэтилен пакетке ораған. Ол есірткіні Көкшетау қаласына тасымалдау кезінде ұсталды.

Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам өз кінәсін мойындады, – деді облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысы міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.