Шетелдік кәсіпкер салаға 350 млн доллар инвестиция тартпақ
Премьер-министрі Олжас Бектенов Fufeng Group компаниясының басқарма төрағасы Ли Сюэчунмен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қос тарап агроөнеркәсіптік кешен және көмір химиясы саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Fufeng Group company limited – аминқышқылдары мен олардың туындыларын өндіруге, сондай-ақ осы саладағы зерттеулер мен әзірлемелерге маманданған био-ферменттеу индустриясындағы көшбасшы компания. Ол әлемдегі ең ірі натрий глутаматы мен ксантан шайырын өндіруші саналады.
Кездесуде Fufeng Group-тың Қазақстанда крахмалды қант өндіру және аминқышқылдарын ашыту зауыттарын, сондай-ақ көмір жылу электр стансасы мен ағынды суларды тазарту стансасын қамтитын жүгеріні терең өңдеуге арналған өнеркәсіптік парк құру туралы ұсынысы талқыланды.
Бидай мен жүгеріні терең өңдеу крахмал, аминқышқылдары, натрий глутаматы және ксантан шайырының қосылған құны жоғары өнімдерді алуға мүмкіндік береді. Олардың бағасы шикізат құнынан 10-15 есе жоғары. Жоба аясында бір мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі – шамамен 300-350 млн доллар.
Ли Сюэчунь компания ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үдерісіне қатысатынын, сапалы тыңайтқыштар өндіретінін және қазақстандық мамандар тәжірибе жинай алатынын атап өтті.
Премьер-министр президенттің экономиканың өсуін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға ұмтылып жатыр. Астықты терең өңдеу кешендерін салу басым бағыт саналады. Бұл – экономиканы әртараптандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік беретін стратегиялық бағыт. Бізде бұл үшін қажеттің бәрі бар: инфрақұрылым, шикізат ресурстары және мемлекеттік қолдау шаралары. Жоба агроөнеркәсіптік секторда қосымша құн құрудың және озық технологияны енгізудің жарқын үлгісі болмақ. Үкімет тарапынан қажет қолдау көрсетіледі, - деді Олжас Бектенов.
Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне Fufeng Group компаниясымен инвестициялық келісімді жедел дайындауды тапсырды.