Біләл Мұхаммед желтоқсанда Шавхат Рахмоновпен жекпе-жекке шықпайтын болды
Ақпарат көздері оның кездесуден бас тартқанын жазды
Біләл Мұхаммед UFC 310 турнирінде болатын Шавхат Рахмоновқа қарсы титулдық жекпе-жегінен бас тартты. UFC оны алмастыратын қарсылас іздеп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы бірнеше дереккөз хабарлады. Австралиялық инсайдер Benny P-ге сілтеме жасаған шетелдік ақпарат құралдары әлеуметтік желіде осындай жаңалық таратты.
Одан бөлек, sport_kor инстаграм-парақшасында да бұл мәліметтің расталғаны хабарланды.
Шавхат Рахмоновтың Dar Team командасындағы дереккөзіміз Біләл Мұхаммедтің UFC 310 жекпе-жегінен шығып қалғаны туралы ақпаратты растады. Оның себебі – инфекция, – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін екі спортшы арасында жекпе-жек 8 желтоқсанда өтетіні ресми түрде жарияланып, жерлесіміз сол үшін ертерек жаттығу мақсатында командасымен бірге БАӘ-ге ұшып кеткен болатын.