Ақордада IT-индустрияны дамыту перспективасы талқыланды
Қазақстанда Жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Еуропа мен Орталық Азиядағы президенті Мишель Симмонспен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кездесуде Қазақстан мен Microsoft компаниясының IT-индустрияны дамыту және стартаптар үшін толық экожүйе құру бағытындағы ынтымақтастығының перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Microsoft компаниясының Қазақстандағы кеңсесі қайта құрылымдалып, Орталық Азия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін қамтитын мультиөңірлік хабқа айналғаны жөнінде мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект саласына қатысты заңнама әзірленіп жатқанын айтты. Басты мақсат –инновацияны дамыту және экономикалық өрлеу үшін ЖИ әлеуетін пайдалану. Келесі жылы Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашу жоспарланып отыр. Аталған кешен Қазақстандағы цифрлық трансформацияға қажетті негізгі инфрақұрылымға айналмақ.
Мишель Симмонс Microsoft компаниясы цифрлық даму мақсатында Қазақстан тарапымен нәтижелі ықпалдастықты одан әрі жалғастыруға бейіл екенін атап өтті.