Halyq Uni логотип
×

Мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіледі

Арнайы заң жобасы әзірленеді

 Динара Амантай 31.10.2024 | 14:50
Мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіледі
Фото: Halyq Uni

Мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Спикердің айтуынша, министрлік мүгедектігі бар азаматтарға қатысты кемсітушілікті анықтау және жою мақсатында ұлттық заңнаманы талдай отырып, заң жобасын әзірлемек. Оның ішінде қолданыстағы «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқа да ұғымдар БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенциясына және әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне сәйкестендіріледі.

Вице-министр мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау, сондай-ақ мониторинг және бақылау механизмдерін енгізу арқылы кеңейетінін атап өтті.

Сонымен қатар мүгедектігі бар көшіп-қонушы балалар мен босқын балаларға әлеуметтік қорғау шараларын, медициналық көмекті және инклюзивті білім алуға ұсыныстар әзірленеді. Сот ісін жүргізуге инклюзивті мамандардың қатысуы мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Пенитенциарлық мекемелерде де мүгедектігі бар адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту үшін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қайта құру жоспарланып отыр, – деді Асқарбек Ертаев брифинг барысында.

Сонымен бірге медициналық-әлеуметтік сараптаманы кезең-кезеңмен қайта құру жүргізіліп жатқаны жөнінде сөз қозғалды. Ол арқылы кейбір нозология түрлері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай проактивті форматта өткізуге толық көшуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ абилитация және реабилитация саласын ғылыми-практикалық қолдауды кеңейту мақсатында әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының трансформациясы іске асырылып жатыр.

Цифрлық реабилитация күнделігін және қашықтықтан реабилитация технологиясын енгізу оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оңалтудың техникалық құралдарының тозу деңгейін анықтау, мұндай өзекті емес құралдарды уақтылы ауыстыру үшін медициналық-әлеуметтік сараптама енгізіледі. Оңалту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарын уақытша және тегін пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр.

Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту процесі де жалғасады. Мысалы, инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту жоспарланған. Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкіндік болады, – деді спикер.

Бұған қоса вице-министр келер жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілетінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама