Мүфтият өкілі «төрт аяқты адамдарға» қатысты пікір білдірді

Халық үні

Сырт келбетіміз, аяқпен жүруіміз – Алланың бізге берген сыйы, – дейді ол

фото: dzen.ru

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Елбек Тасболатұлы мүфтияттың квадроберлерге қатысты ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni BES.media-ға сілтеме жасап.

Діни басқарма өкілінің айтуынша, мұндай әрекеттерге шариғатта тыйым салынған.

Алла Тағала Құрандағы «Исра» сүресінің 70-аятында: «Расында біз адамды құрметті, қасиетті қылдық» деген. Бұл «жаратылыстың ең ардақтысы, ең абыройлысы – адам» дегенді білдіреді. «Әт-Тин» сүресінде: «Біз адамзатты ең кемел етіп жараттық» делінген. Сырт келбетіміз, аяқпен жүруіміз – Алланың бізге берген сыйы, – дейді мүфтият өкілі.

Сондай-ақ ол «Ниса» сүресінің 119-аятына сілтеме жасап, шайтанның мұсылмандарды қалай адастыруға тырысатынын атап өтті.

«Ниса» сүресінің 119-аятында Алла Тағала шайтанның адамзатты «Мен адамзатқа Алланың жаратылысын өзгертуді бұйырамын» деп азғыратынын баяндайды. Бұл аяттан біз квадроберлердің жануарларға еліктеп, дініміз тыйым салған әрекеттерді жасайтынын аңғарамыз. Бұл Алланың адам баласын қасиетті еткеніне қайшы келеді, – дейді Елбек Тасболатұлы.

Журналистің «Исламда мұны харам деп санауға бола ма?» деген сұрағына мүфтият өкілі «харам емес, тыйым салынған әрекет» деп жауап берген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың елімізде төрт аяқты адамдардың көбейгеніне алаңдаушылық білдіргенін жазған едік.