Ірі қалаларда экобокстар мен фандоматтар орнатылады
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы қалай іске асырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, тұжырымдама аясында 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылады. Бұл қоқысты көму көлемін қысқартуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында көшелер мен аулалардың, қоғамдық орындардың және жалпы қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрландыру, заңбұзушыларды анықтауға және әкімшілік шараларды қолданбас бұрын бейнемониторингтік жүйенің мүмкіндіктері пайдаланылады. Бұл ретте азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан экологиялық құқықбұзушылықтарды азайту мақсатында тіркеуге арналған камералар саны ұлғайтылады.
Атмосфералық ауа мониторингінің автоматтандырылған бекеттер желісін кеңейту көзделген. Бұл тұрғындарға онлайн түрде ауаның жай-күйі туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Ірі елді мекендердің сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру олардың тиімділігі мен сенімділігін арттырады. Жергілікті атқарушы органдар шығынды дәлірек бақылау және ресурстарды үнемдеуге ынталандыру үшін суды есепке алудың заманауи аспаптарын орнатады, – деді Жомарт Әлиев.
Мемлекеттік құрылымдар, бизнес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ және білім беру мекемелері сияқты түрлі органдар мен қоғам өкілдерін тарту арқылы ақпаратпен тиімді алмасуға арналған платформа әзірленеді. Экологиялық мәдениетті жақсарту үшін экологиялық жауапты мінез-құлықты насихаттайтын инфлюенсерлер мен блогерлер тартылады.
Велосипедпен жүруге арналған инфрақұрылымды дамыту мен электромобильдерді қуаттау станцияларын ашу ауаның ластану деңгейін төмендетуге сеп болады. «Велосипед күні» іс-шарасын ұйымдастыру және экофестивальдер өткізу халықты экологиялық бастамаларға тартуға ықпал етеді. Жұртшылықпен бірлесіп, олардың қоршаған орта үшін маңыздылығын көрсету үшін су айдындарының экожүйелерін сақтауға арналған форумдар өткізу жоспарда бар.
Халық көп жиналатын орындарда бонус жинауға мүмкіндік беретін қайта өңделген шикізатқа арналған экобокстар мен фандоматтарды орнату қалдықтарға жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. Қалалар мен ірі елді мекендерде заманауи суару жүйелері мен су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіледі.
Сондай-ақ вице-министр жасыл екпелердің тұқымдық құрамы мен ормандардың ағымдағы жай-күйі, отырғызу жоспарлары және оларды күту бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы деректерді қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу көзделгенін атап өтті.
Халықты және кәсіпорындарды ресурстарға ұқыпты қарауға ынталандыру үшін бірқатар іс-шара қабылданады. Кәсіпорындар ресурстарды ұтымды пайдалану туралы есептерді (ESG) жариялауға ынталандырылады. «Үлгілі ауыл» және «Таза аула – таза қала/аудан» конкурстарын қоса алғанда, халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру бойынша байқаулар мен іс-шаралар, сондай-ақ экологиялық бастамалар мен ғылыми зерттеулер жүргізген оқытушылар мен студенттер марапатталады, – деді вице-министр.