Павлодардағы әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққан
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Павлодардағы әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмаған балалардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-нің бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактілері анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Кәмелетке толмаған балаларды қинау белгілері бойынша орталық қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, полиция департаментіне тапсырылды.