×

Шымкенттен Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейсі ашылады

Шетелдік тарап елімізде автожол құрылысы жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты

 Динара Амантай 30.10.2024 | 14:37
Фото: Halyq Uni

Сеулде Көлік министрі Марат Қарабаев пен Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрі Санг Ву Пак арасында кездесу өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тараптар көлік инфрақұрылымы саласындағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ көлік бағыттарын дамыту бойынша бірқатар жобаны іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейстерін көбейту мәселесі көтерілді. Қазір екі ел арасында аптасына 14 жолаушы рейсі және 6 жүк рейсі бар. Рейстер Астана мен Алматыдан орындалады. Енді Шымкенттен Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейсін ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Корея тарапы елімізде автожол құрылысы жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.

Айта кетсек, қазір Оңтүстік Кореяның Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары «Алматы-Астана» тасжолының құрылыс сапасын қадағалап жатыр.

Көлік министрі Марат Қарабаев Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрі бастаған делегациясын кез келген қолайлы уақытта Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды. Бұл сапар аясында Urban air mobility (UAM), яғни қалалық әуе ұтқырлығы тұжырымдамасын енгізу бойынша тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

Тұжырымдама алдымен жаңа Alatau City қаласында сынақтан өтеді деп күтіледі. Жоба Аlatau City-ді инновациялық хаб ретінде дамытуды қолдай отырып, қазақстандық және кореялық инвесторларды тартуға мүмкіндік бермек. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Hyundai Motor Group сияқты оңтүстік кореялық жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея көлік ведомстволарының басшылары көлік-логистика және өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама