Қазақстанның қорғаныс жүйесінде өзін-өзі қорғау құралымдары пайда болады

Динара Амантай

Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Заң жобасында Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізіледі.

Құжатқа сәйкес, өзін-өзі қорғау құралымдары соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдарын құрады. Ал, еріктілерге өзін-өзі қорғау құралымдарына ерікті түрде қабылданған Қазақстан азаматтары жатады. Олардың қатарына өзін-өзі қорғау құралымдарын құру кезінде Қарулы күштер қатарына шақырылмаған, жұмылдырылуға жататын және жатпайтын адамдар кіреді. Олар елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға, қорғаныс құрылыстарын салуға, эвакуациялау шараларын жүргізуге және басқаларға тартылады. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін Қарулы күштердің құрамына еріктілерден тұратын жеке өзін-өзі қорғау құралымдары енгізілуі мүмкін.

Ілеспе жоба аясында Кәсіпкерлік кодекске және бес заңға түзетулер енгізіледі. Олар тиісті мемлекеттік органдардың (Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар) аумақтық қорғаныс саласындағы құзыреттерін біріктіреді.