Қылмысқа қарсы күреске IT-мамандары жұмылдырылды
Жамбыл облысында құқық қорғау органдары екінші деңгейдегі банк өкілдерімен алаяқтықпен күрес мәселесін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың айтуынша, алаяқтықтың 7,3%-ға (684-тен 634-ке дейін) төмендегеніне қарамастан, интернет-алаяқтық саны 30,1%-ға (136-дан 177-ге дейін) өскен.
Интернет-алаяқтықтың негізгі тәсілдеріне құпия ақпаратқа қол жеткізу, онлайн қызмет көрсету туралы хабарландырулар, жалған тауарларды онлайн сатып алу және жалған банктер мен ұялы байланыс операторларынан хабарландырулар жіберу кіреді.
Осыған байланысты прокурорлардың талабы бойынша полиция департаментінің «Cyberpol» мамандандырылған тобы қызметкерлерінің жұмысын күшейту үшін оларды қосымша заманауи технологиялармен жабдықтап, IT-мамандары жұмылдырылды, бұл қылмыскерлерді әшкерелеу деңгейін арттырады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ алқа отырысында алаяқтықпен күресте тиімділіктің төмен деңгейі байқалатын аудандарда полиция басшылығының жауапкершілігін қарастыру мәселесі көтерілді.