Екі күн ішінде іздеуде жүрген 300-ге жуық қылмыскер ұсталды
Басқа мемлекеттердің сұрауымен 145 адам қамауға алынды
Екі күн ішінде іздеуде жүрген 300-ге жуық қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ішкі істер министрлігі жоғалған адамдардың орналасқан жерін анықтау және іздеуде жүрген адамдарды ұстау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізді. Екі күнде полиция іздеуде жүрген 280 қылмыскерді ұстады, оның ішінде:
- кісі өлтіргені үшін – 9;
- денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 4;
- қарақшылық шабуылдар үшін – 5;
- тонау үшін – 7;
- есірткі қылмысы үшін – 19.
Республикадан тыс жерлерде 33 қылмыскер ұсталып, ал басқа мемлекеттердің сұрауымен 145 адам қамауға алынды.
Арменияның Ноемберян ауданының аумағында 36 жастағы қазақстандық ұсталды. Ол қыркүйектің соңында Петропавлда қала тұрғынын пышақтап кеткен.
Павлодар облысы полициясының жедел-іздестіру тобы Ресей Федерациясының Орел қаласында 42 жастағы қазақстандықты ұстады. Қылмыскер 2017 жылы өңірлік ЖШС-ның біріне дизель отынын жеткізуге уәде беріп, 50 млн теңгені иемденген.
Алматы полициясы Ташкент облысының МІІБ-мен іздеуде жүрген 28 жастағы өзбекстандықты ұстады. Әйел 2015 жылдың мамырында өзінің кәмелетке толмаған қызын өлтірген.
Қазақстан ІІМ Интерполының сұрауы бойынша Германияның Нюрнберг қаласында еліміздің 42 жастағы азаматы ұсталды. Ол наурыздың соңында астық жеткізуге уәде беріп, Павлодарда шетелдіктің 244 мың долларын жымқырған.
Абай облысының ПД қызметкерлері іздеуде жүрген семейлік тұрғындарды қаланың өзінде қолға түсірді. Олар 2021 жылы ҰҚТ көмегімен металл зауытынан құрамында алтыны бар материалды ұрлап әкеткен.
Сонымен қатар жүргізілген жұмыс барысында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 53 адамның орналасқан жерін анықтады.