Бүгінде компанияның мүлкі бұғатта тұр
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Өскемендегі «Азия-Авто» кәсіпорнын сатып алатын инвестор табылмай жатқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Азия-Авто» компаниясының тағдырына тоқталайын. Кәсіпорында үлкен территория мен үлкен ғимарат болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, оны пайдалану керек. Оны бос қалдыруға болмайды. Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Кәсіпорынға қатысты сот процесі әлі жүріп жатыр. Сот аяқталғаннан кейін осы кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз. Одан кейін осы кісілермен инвестор іздеуге тырысамыз, – деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Сондай-ақ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев бүгінде кәсіпорынға тиесілі ғимарат бұғаттаулы екенін жеткізді.
Сот процесі жүріп жатыр. Барлық мүлік бұғаттаулы. Біздің министрлік пен қаржы бөлген банк жәбірленуші тарап ретінде сотқа қатысып жатыр. Соттың шешімі әлі шықпады. Сондықтан мүлік бұғаттаулы, – деді комитет басшысы.