Қазақстанда «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіптік стандарты енгізіледі

Динара Амантай

Тиісті бұйрық жобасы қоғам талқысына ұсынылды

Фото: Halyq Uni

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасын сақтауға жауапты қызметкерлерге қажетті дағдылар мен құзыреттерді айқындайтын кәсіптік стандартын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министрлік ақпаратына сәйкес, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіптік стандартын қабылдау еңбекті қорғауды басқару жүйесін жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау және жетілдіру жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды белгілеуге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі басшылар мен мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын біріздендіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл кәсіптік стандарт жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (қосымша) білім берудің бағдарламаларын қалыптастыруға, бейінді мамандарды даярлауды жоспарлы және дәйекті қамтамасыз етуге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі басшылар мен мамандарды қайта даярлауға немесе олардың біліктілігін арттыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

Сондай-ақ кәсіптік стандарт формалды, формалды емес және информалды оқыту нәтижелерін тануға негіз беріп, біліктілікті кәсіби орта ретінде бағалауға және тануға қол жеткізу үшін жағдай жасайды.

Ведомство басшысының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіптік стандартын бекіту туралы» бұйрығының жобасы 2024 жылдың 11 қарашасына дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға ұсынылды.