Биыл жол саласындағы жемқорлыққа қатысты 24 қылмыстық іс тіркелді

Динара Амантай

Антикор жүйелі кемшіліктерді анықтады

Фото: видеодан скриншот

Биыл жол саласындағы жемқорлыққа қатысты 24 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінде өткен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кеңесте мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттіктің Көлік министрлігімен бірлесіп өткізген жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.

Ақпаратқа сәйкес, соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған, бірақ жол желісінің жай-күйіне қатысты халық тарапынан шағым азайып отырған жоқ.

2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады. Жыл басынан бері ғана осы салада 24 қылмыстық іс тіркелді, – делінген Антикор хабарламасында.

Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті. Атап айтқанда, бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмай, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады.

Келісімшарттар көбіне тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісімшарттарымен жасалады. Қосалқы мердігерлік ұйымдарды ешкім бақыламайтыны анықталды.

Сонымен бірге көп сатылы бақылау жүйесі де өзінің тиімсіздігін көрсетті. Бұл ретте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы анықтаған ақаулар туралы қорытындысы орындалуға міндетті емес, ал техникалық қадағалау өз функцияларын тек қағаз жүзінде ғана атқарады.

Сондай-ақ, қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті саланы дамытуда толық көлемде пайдаланылмайтыны атап өтілді.

Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады. Жаңа технологияларды енгізуді бақылаудың болмауы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына әсер етеді, – делінген Антикор хабарламасында.

Агенттіктің мәліметінше, цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырып отыр. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд жұмсалған. Алайда, жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген.

Талдау қорытындысы бойынша Агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан аса ұсыныс дайындады.

Жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау, сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге, ірі жол жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеуге қатысты ҚазжолҒЗИ қызметін қайта бағдарлау, жол активтері сапасы ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ жолдардың цифрлық картасын әзірлеу жөнінде шаралар ұсынылды.