Өмірлік маңызды препараттар мен вакциналарды сатып алу тізбесі ұлғайтылады
Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстандық пациенттер үшін өмірлік маңызды препараттар мен антиретровирустық вакциналарды сатып алу тізбесі мен көлемі ұлғайтылатын болады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ЮНИСЕФ-тің Копенгаген қаласындағы (Дания) сатып алу орталығына бару барысында уағдаластыққа қол жеткізілген.
Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл спектрін кеңейту жоспарланып отырғаны атап өтілді.
Сапар барысында ЮНИСЕФ-тің қолдауымен министрлік өкілдері сатып алынатын дәрілік препараттардың тізбесін кеңейту мен халыққа қолжетімділігі жөніндегі нақты шараларды талқылады. Бұл әріптестік препараттарды оңтайлы мерзімде жеткізуді қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын үнемдеуге және пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен қамтуды ұлғайтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, 7 позиция бойынша дәрі-дәрмек сатып алу нәтижесінде шамамен 1,67 млрд теңге үнемделген.
2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу науқанының нәтижелері бойынша ДЗ тізбесін кеңейтумен қатар қаражатты үнемдеу де күтіледі.
Одан әрі ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі жоспарлау, жабдықтау, жеткізу және бөлу процестерінің тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша ЮНИСЕФ-пен қолданыстағы меморандумды өзектендіретін болады, – делінген ДСМ хабарламасында.
Дәрілік заттарды сатып алу жөніндегі ЮНИСЕФ бағдарламасы препараттардың халықаралық сапа, қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.