Сондай-ақ, облыстық басқарма басшысына да сондай шара қолданылды
Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат кеңесінде мәлімдеді.
Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады, – деді өңір басшысы.
Саран қаласы әкімінің айтуынша, барлық жергілікті қазандық штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Отын қоры қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, шамамен екі апта бұрын қала тұрғындары күннің күрт суытуына байланысты үйлерінде батареяларының суық болып тұрғанына ренжіген еді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласындағы істен шыққан жылу қазандығы туралы жалған ақпарат бергендер жауапқа тартылатынын айтты.
Артынша Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткізген жедел штаб отырысында барлық үй мен әлеуметтік нысан жылуға қосылғаны, жылу көздері қажетті отынмен қамтамасыз етілгені, қаланың барлық өндірістік нысаны өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.