Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысын өткізуді сұрады
Израиль 26 қазанға қараған түні елдің әскери нысандарына соққы жасады
Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысын өткізуін сұрап, Израильдің Иранға жасаған шабуылына байланысты өтініш жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Әмір Саид Ираванидің хаты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы (Швейцария) мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке жіберілді.
Иран Ислам Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасынан осы маңызды заңбұзушылықты және заңсыз әрекеттерді қарау үшін шұғыл жиналыс өткізуді және бұл қылмыстық режимді жауапкершілікке тартуды сұрайды, – деп жазылған өтініште.
Сондай-ақ, Иран Гутерриш пен Қауіпсіздік Кеңесін Израильді «халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзғаны үшін» айыптауға және осы заңбұзушылықтардың жазасыз қалмайтынын көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, 26 қазанға қараған түні Израиль Иранның әскери нысандарына соққы жасады. Иран президенті Масуд Пезешкиан бұл шабуылға «салмақты және ойластырылған түрде» жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.