Исландияда 4 күндік жұмыс аптасы ел экономикасын өсірген
Мұндай жұмыс кестесі әлі жалғасып жатыр
Исландиядағы жұмысшылардың 50%-дан астамы қысқартылған жұмыс кестесімен, оның ішінде төрт күндік жұмыс аптасымен еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
CNN жазуынша, Исландиядағы кәсіподақтар сот арқылы жұмыс берушілермен келісімге келіп, елдегі он мыңдаған мүшелерінің жұмыс уақытын қысқартуға қол жеткізген. Соның нәтижесінде былтыр Исландияда жылдам экономикалық өсім байқалып, жұмыссыздық деңгейі Еуропадағы ең төменгі көрсеткіштердің біріне айналған.
Бұл туралы британдық The Autonomy Institute және Исландияның Тұрақтылық пен демократия қауымдастығы (Alda) мәлімдеді. Ғалымдар көп жұмысшыда еңбек өнімділігі сол күйі сақталғанын немесе жақсарғанын анықтаған. Сонымен қатар, олардың әл-ауқаты стресстің төмендеуі, денсаулық жағдайының жақсаруы және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдіктің жақсаруы сынды бірқатар көрсеткіш бойынша күрт өскен.
Халықаралық валюта қорының осы аптада жарияланған «Әлемдік экономиканың даму болашағы» атты соңғы баяндамасына сәйкес, 2023 жылы Исландия экономикасы 5%-ға өскен. Бұл Еуропадағы бай экономикалар арасындағы ең жылдам өсу көрсеткіштерінің бірі (Мальтадан кейінгі екінші орын). Бұған дейін Исландия экономикасының орташа өсу қарқыны 2%-ды құраған еді.