Семейлік бодибилдер Шварценеггер байқауында жүлдегер атанды

Ербол Тұрымбет

Ол 2 мыңнан астам спортшының ішінен жүлдеге ілікті

Фото: instagram/askarzhanasbayev

Асқар Жанасбаев беделді Arnold Classic Europe байқауында жүлделі орынға ие болды. Қазақстандық спортшы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, он қатысушының ішінде үшінші орынды алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

Бодибилдинг байқауы қазан айының ортасында Испанияның Лас-Росас-де-Мадрид қаласында өтіп, оған әлемнің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам элиталық спортшы жиналған еді.

Бодибилдердің айтуынша, қатысушының көптігіне байланысты алдымен үздік ондық іріктеледі. Кейін үздік алты спортшы анықталып, соңында жүлделі үштікке кіргендердің қатарында Асқар Жанасбаев та болған.

Осы медальді бодибилдингті бастағаннан армандадым. Бүгін арманыма қол жеткен күн екен! Арнольдтың суретімен медаль үйінде ілініп тұрғаны әр бодибилдердің арманы шығар. Бұл менің осындай Халқаралық дәрежедегі алғашқы жарысым. Алғашқы және қандай жарыс десеңіздерші және бірінші рет шыға салып қола медаль алудың өзі жеңіс. Бірақ тағы жұмыс істеу керкек! Тоқтамаймыз. Бұл әлі басы), деп жазды ол желіде.

Айта кетейік, Шварценеггердің өзі Mr. Olympia турнирінің Лас-Вегастағы 60 жылдық мерейтойына қатысып жатқандықтан, Испаниядағы байқауға келе алмады. Дегенмен, видеобайланыс арқылы шығып, барлық қатысушыға сәттілік тіледі.