Медиация институты мәселені өркениетті жолмен шешуге үндейді
Астанада медиация институтын дамыту тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Елордадағы Достық үйінде өткен конференцияда Қазақстанда медиация институтын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше, шараның мақсаты – отбасындағы даулы және жанжалды жағдайларды шешуде медиацияны қолданудың келешегі, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Конференция Республика күніне арналған. Біз оған көптен бері дайындалып, мықты спикерлерді шақырдық. ҚХА Республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов медиаторлардың заңды жауапкершілігіне тоқталды. Отбасылық медиация сияқты өзекті тақырып қызу талқыланды. Өкінішке қарай, соңғы кездері отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты атышулы қылмыстар жиі болып жатыр. Медиация көптеген мәселелерді өркениетті түрде, жанжалсыз, агрессиясыз шешуге мүмкіндік береді. Ол мысалы, мұраны бөлу, ажырасу сияқты жағдайларда да маңызды құрал болып саналады, – деді конференция модераторы, заңгер және Астана қаласы ҚХА Достық үйінің медиаторы Роза Бекішева.
Дөңгелек үстел барысында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуде, сондай-ақ, ұлтаралық жанжалдарды шешуде медиацияны қолдану сияқты тақырыптар да қозғалды.
Медиацияның қағидаттары – дауласушы тараптардың өз еркімен әрекет етуі, ал медиатор тарапынан – тәуелсіздік, бейтараптық және құпиялылық. Шарамызға түрлі сала өкілі қатысты: қоғамдық ұйымдардың, қала басшылығының, денсаулық сақтау, білім беру, коммерциялық құрылымдардың өкілдері болды. Алайда, ең бастысы, біз мұнда жастарды шақырдық. Бұл жерде жастар өте маңызды әрі пайдалы ақпарат алды деп ойлаймын. Біз спикерлерден де сұрадық, олардың барлығы практик, сондықтан, әрқайсы еліміздегі медиацияның болашағы мен дамуы туралы өз ұсыныстарын айтады, – деп түйіндеді Роза Бекішева.