Астанада мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттары тапсырылды

Ербол Тұрымбет

Сертификаттар әдлеуметтік осал топтар өкілдеріне берілді

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Республика күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттары салтанатты түрде табысталды, деп хаарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр Президент атынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне 65 пәтердің кілті табысталған болатын. Биыл бұл бастама жалғасын тауып, 67 жаңа пәтер берілді. Бүгінгі мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын тапсыру – Мемлекет басшысы саясатының заңды жалғасы.

Негізінен пәтер иегерлері – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жалғызбасты аналар.

Жаңа пәтерге ие болған жандардың бірі – Самал Әжмұратова. Ол – 5 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Қазақ ұлттық өнер университетінде 16 жылдан бері педагог болып жұмыс істейді.

Бүгін менің отбасым үшін жаңа бір кезеңнің бастауы, өйткені біздің өз үйіміз болған жоқ. Пәтер алуға көмектескендерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Мұндай бастама – өз елінің игілігі үшін еңбек етіп жүрген қызметкерлерге үлкен қолдау, – деді Самал Әжмұратова.