Су саласының қызметкерлеріне 20 көлік табысталды

Дәурен Ерболат

Салада 10 мыңнан адам жұмыс істейді

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада Республика күніне орай су саласының қызметкерлеріне 20 көлік табысталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Елордада су шаруашылығы саласының мамандарын мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Жиынға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев және су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Сіздерді шын жүректен Республика күнімен құттықтаймын. Президент қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатуға баса мән беру керегін жиі айтады. Мемлекет басшысы елімізде 2025 жыл – жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Қазақстанда су шаруашылығы саласында 10 мыңнан аса адам қызмет етеді. Сіздер еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еңбек етіп жүрсіздер. Әрқайсыңызға зор денсаулық, күш-жігер мен толағай табыс тілеймін, - деді Нұржан Нұржігітов.

Мереке қарсанында су саласының 34 маманы мемлекеттік наградалармен марапатталды: 8 адам «Құрмет» ордені, 2 қызметкер ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, 13 маман «Ерен еңбегі үшін» медалі.

Сондай-ақ қызметкерлерге «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгілері мен Су ресурстары және ирригация министрінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» табысталды.

Сонымен қатар еліміздегі бассейндік инспекцияларға 20 көлік берілді.