Мәскеу мен Астана арасында сенімді байланыс орнаған
Республика күніне орай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау хаттары келіп жатыр, деп хабарлайды Ақорда.
Ресей президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып жатқанына, сондай-ақ Мәскеу мен Астана түрлі көпжақты құрылымдар аясында белсенді байланыс орнатқанына тоқталды.
Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халқымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін, – деп жазды Владимир Путин.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түскенін атап өтіп, бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде өз халқының шынайы қуанатынын айтты.
Қос мемлекет арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын, – деп жазылған ҚХР төрағасының жеделхатында.
АҚШ президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған құттықтау жеделхатында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделгеніне назар аударған.
Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз, – деп жазды Джозеф Байден.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің королі III Чарльз Қазақстанмен ықпалдастықты жоғары бағалап, елдеріміз бейбітшілік, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық маңызды мәселелер бойынша орнатқан тығыз байланысты жалғастыратынына сенім білдірді.