×

Бала өлімінен кейін ақтөбеліктер иесіз иттерді өздері аулай бастады

Есет батыр ауданының тұрғындары бұл мекенді «қаңғыбас иттердің астанасы» атап кеткен

 Еркеғали Болатұлы 14.06.2022 | 09:47
фото: Тұрар Қазанғапов

Ақтөбеде итке таланған баланың өлімінен кейін Есет батыр ауданының тұрғындары арнайы мамандармен бірге қаңғыбас иттерді аулауға шыққан. Нәтижесінде, 3 күннің ішінде ауданнан жүз шақты ит ұстап әкетілді. Аудан халқы бұл шараны адам өлмей тұрып қолға алу керек еді деп күйініп отыр.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, оқушы қызы итке таланған жергілікті тұрғын Алтынгүл Жарылғапова әкімдікке де, прокуратурға да «адам өлмей тұрғанда бұралқы иттерді жойыңдар» деп арыз жазған. Бірақ олар жауап бермепті.

Бәрі басын ала қашады. Итті өлтірдік, қамадық деген ешкім жоқ. Ветстанция, ветнадзор, ауылшаруашылығы басқармасы бәрі келді. «Міне, заң» деп алдыма папка қойды. Папка ішінде президенттің «итті атуға болмайды» деп қолдаған заңы, - дейді ол.

Бір қызығы, Есет батыр ауданының тұрғындары бұл мекенді «қаңғыбас иттердің астанасы» атап кеткен. Итті атуға болмайтын заңның оларды азайтуға тосқауыл болып тұрғанын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де мойындап отыр. Сондықтан ол қайғылы оқиғадан кейін көше кезген иесіз иттерді атуға емес, аулап, қамауға тапсырма берген.

«2-3 аптаның ішінде қаңғып жүрген иттердің бәрін аулап, жеткізетін орынға жеткізсін деп тапсырма бергенмін. Бұған қаражат мәселесі проблема емес. Көп қаражат талап етпейді. Бұның бәрі бюджетте қарастырылған.

Тек өкініштісі, қызметкерлеріміздің сол ереженің күшіне енгенін тосып отырғаны қайғылы жағдайға апарды. Біз кемшілікті біліп отырмыз. Тиісті шара қабылдаймыз, - деді Оңдасын Оразалин.

Оның айтуынша, былтыр Ақтөбеде 17 мың қаңғыбас иттің көзі жойылса, биыл жаңа заң шықпай тұрып, 3 мың 700-і өлтірілген. Ал итке таланған баланың өліміне кім жауап беретіні тергеу нәтижесінен кейін белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама