Қазақстанда «Байрактар» дрондары шығарылатын болды

Халық үні

Оны бүгінде Украина қарулы күштері Ресеймен соғыста пайдаланып келеді

фото: pinterest.com

Түркиялық Baykar Defence компаниясы Қазақстанда камикадзе-дрондар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, министр Руслан Жақсылықов компанияның бас директоры Халук Байрактармен келісімге келген. Айта кетсек, бүгінде компанияның атақты «Байрактар» ұшқышсыз ұшу аппараттарын Украина қарулы күштері Ресеймен соғыста пайдаланып келеді.

Baykar Defence бас директоры Халук Байрактармен келіссөздер нәтижелі болды. Келіссөздер барысында тараптар еліміздің аумағында тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жедел деңгейлі оқ-дәрілерді өндіруді локализациялау мәселесі бойынша жол картасын әзірлеуге келісті, – делінген министрлік хабарламасында.

Келіссөз Түркияның Стамбул қаласында өткен SAHA EXPO-2024 IV халықаралық қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі көрмесі аясында жасалды. Сондай-ақ көрме барысында Руслан Жақсылықов Түркияның Қорғаныс министрі Яшар Гүлермен, қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің төрағасы Халук Гергюнмен және БАӘ Қорғаныс министрі Мұхаммед бен Мүбарак Фадель Әл Мазруимен келіссөздер жүргізді.