«Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына 3,6 млн теңгеден берілді

Дәурен Ерболат

Байқау 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада Республика күні қарсаңында «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл байқауға мектептер мен колледждерден барлығы 1750 мұғалім қатысты. Нәтижесінде 64 педагог үздік екенін дәлелдеді.

«Мемлекет күллі педагогикалық қауымдастыққа орасан зор сенім мен құрмет, қолдау білдіріп келеді. Кеше 2 ұстазымыз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Бүгін де педагогтерімізді төрге шығарып, құрмет көрсетіп жатырмыз. Бұл марапаттың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбегінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын айғақтайды», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Байқауда топ жарған ұстаздар «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 3 млн 692 мың теңге ( 1 мың АЕК, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде сыйақымен марапатталды.

Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада оқу-ағарту жүйесінің бірқатар қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да ведомтсволық наградалар тапсырылды.

Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық педагог үздік деп танылды.