Келесі жылы сәуірде абаттандыру төлқұжатын беру аяқталады
Алматыда видеомониторинг барысында абаттандыру ережесін бұзған кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және қалалық цифрландыру басқармалары арасында келісімге қол қойылды. Нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы видеомониторинг жүйесіне (Target AYA бағдарламасы) қолжеткізді. Бұл қаладағы санитарлық нормалардың бұзылуын уақытында анықтауға және шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Биыл 18-24 қазан аралығында Алматыда «Жарқын күз» акциясы өтті. Видеомониторинг барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында белгіленген абаттандыру ережесін бұзған 17 кәсіпкерлік объекті анықталды, - деп жазылған хабарламада.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және табиғатты қорғау полициясы басқармасының қызметкерлері нысандарға жедел барып, заңбұзушыларға ауызша ескерту жасады. Бұл кәсіпкерлердің жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Абаттандыру қағидасының негізгі бағыттарының бірі кәсіпкерлік объектілерге абаттандыру паспортын беру болып саналады. Мақсат – әрбір кәсіпкер үшін іргелес аумақтағы абаттандыру шекарасын анықтау.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қалада 5 590 кәсіпкерлік нысан абаттандыру төлқұжатын алуға тиіс. Қазір мыңнан аса кәсіпкер паспортты алуға қол қойды.
2025 жылғы сәуірде Алматыда кәсіпкерлерге абаттандыру паспортын беру жұмысы аяқталады деп жоспарланған. Бағдарлама аясында олар іргелес аумақты ретке келтірумен қатар ғимараттардың қасбетін күту, тазалықты сақтау және коммуналдық қалдықтарды уақытында шығару талабын сақтауға міндетті.
Айта кетейік, видеомониторинг жүйесі жаңа абаттандыру ережесі қалай сақталып жатқанын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ережені бұзған кәсіпкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады.