Алматыда есірткі жарнамалаған оннан аса телеграм арна бұғатталды

Динара Амантай

Іс материалдары одан әрі тергеу үшін полицияға жолданды

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласының прокуратурасы есірткі құралдары мен психотроптық заттар жарнамаланып, таратылатын 16 телеграм арнаны бұғаттады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тексеру барысында арнаға жазылғандарға тыйым салынған заттарды сатып алу мүмкіндігімен қатар «қойып кетуші» жұмысы ұсынылғаны анықталды.

Сот Медеу ауданы прокурорының тыйым салынған ресурстарды бұғаттау туралы талабын қанағаттандырып, олардың қызметі тоқтатылды.

Кінәлі тұлғаларды белгіленген жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау органы Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау»), одан әрі тергеу үшін полицияға жолдады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қала прокуратурасы азаматтарды осындай интернет-ресурстар анықталған жағдайда жедел бұғаттау үшін құзырлы органдарға хабарласуға шақырады.