Сәбилердің есімдері де белгілі болды
Республика күні қарсаңында Астанада үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, тұрғын Айша Искакова №2 қалалық көпбейінді ауруханада үшем босанды. Нұрлановтар әулетінде дүниеге келген нәрестелердің бірі – қыз, екеуі – ұл.
Жаңа туған балалардың атын Томирис, Ибрахим және Мұхаммад деп қойдық. Өзіміз бұған дейін де 2 бала тәрбиелеп отыр едік, енді бірден 5 баланың анасы атандым. Қуанышымызда шек жоқ, дәрігерлерге мың алғыс! Біздің отбасымыздағы қуаныш көпке жұғысты болсын, – деген батыр ана Айша аурухананың акушерлік блок ұжымына өз алғысын білдірді.
«Айша Искакова 33-аптада босанды. Салмағы 2135, 1965 және 1580 грамм болған жаңа туған сәбилер 21 қазан күні ауруханадан шығарылып, бүгінде өз үйінде отбасымен алғашқы мерекелерін қарсы алмақ. Республика күні қарсаңында үшемнің дүниеге келуі жақсылықтың хабаршысы, үлкен қуаныштың басы болса керек», – деді аурухана директорының босандыру жөніндегі орынбасары Дәурен Мусин.