2025 жылдан бастап АӘҚ көрсететін қызметкерлер тізілімі енгізіледі
Қазақстанда қазанның соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бүгінде елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 35 мың маман жұмыс істейді. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, арнайы педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер бар.
Республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны – 12 704 адам, оның 1 251-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді. Қазақстанда 830-ға жуық мемлекеттік ұйым АӘҚ көрсетеді. Олардың ішінде арнаулы қызмет көрсету орталықтары, күндізгі болу орталықтары, оңалту орталықтары және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері бар. Сондай-ақ, еліміз бойынша 184 ҮЕҰ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратта.
Әлеуметтік қызметкерлер 8 қызмет түрін көрсетеді, атап айтқанда: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер оны алушылардың жасын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ тұру жағдайларын ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тағайындалады.
Министрлік 2021-2024 жылдар аралығында АӘҚ көрсету орталықтарында жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттырды. Нәтижесінде әрбір қызметкердің жалақысы 2 есе өсті. Сонымен қатар әкімшілік және көмекші персонал қызметкерлерінің, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін базалық лауазымдық жалақыдан 30%-дан лауазымдық жалақыдан 40%-ға ұлғайту жолымен арттырылды.
Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызметкерлерге жеке тарау арналғанын атап өткен жөн, онда олардың кәсіби қызметті іске асырудағы құқығы мен міндеттері, жұмыстың мәртебесі мен ерекшеліктері, кәсіби құпия мен мінез-құлық әдебі туралы ұғымдар, кәсіби қызметті орындауға байланысты шектеулер және әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген.
Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде орындалатын жұмыстардың кәсіби деңгейі мен күрделілігін ескере отырып, оқыту, сертификаттау және санаттар беру, сондай-ақ еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру көзделеді.
Бұдан басқа, 2025 жылдан бастап АӘҚ көрсететін мамандардың тізілімін енгізу көзделген. Бұл әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген, әлеуметтік қызметкер туралы толық ақпаратты қамтитын мамандардың электрондық тізімі: жеке деректер, білім, біліктілікті арттыру туралы мәліметтер, аттестаттаудан өту туралы мәліметтер, жұмыс тәжірибесі және тағы басқасы. Тізілімді енгізу мүгедектігі бар адамдарға өздері үшін қажетті маманды таңдауға мүмкіндік береді.