Halyq Uni логотип
×

Су үнемдеу технологияларына шығындарды өтеу үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды

Олжас Бектенов Су кеңесінің отырысын өткізді

 Динара Амантай 24.10.2024 | 10:53
Су үнемдеу технологияларына шығындарды өтеу үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды
Фото: Halyq Uni

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен су кеңесінде бұған дейін берілген су қолжетімділігі мен сапасы мәселелерін шешуге бағытталған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кеңесте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің негізгі жұмыс бағыттары бойынша баяндамасы тыңдалды. Олардың қатарында гидротехникалық құрылыстарды салу және жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, суды нормативтен артық тұтынуға байланысты тарифтік саясат, су тасқынын болжау және моделдеу, сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру, кадрмен қамтамасыз ету және мамандар біліктілігін арттыру мәселелері бар.

Еліміздің су ресурстары әлеуетін дамыту және басқару жүйесін жаңғырту мақсатында Су кодексінің жобасы әзірленді, құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Қазақстан Республикасы су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымға жуық суару арналарын салу және реконструкциялау көзделген. Бірінші кезеңде 2025 жылдан бастап 11 жобаны салу және реконструкциялау, алты облыстағы 3452 шақырым ирригациялық арналарды жаңғырту және Астана қаласын толықтыру үшін құрылыс салу көзделген, – делінген Үкімет хабарламасында.

Шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру мақсатында Инвестициялық субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Осылайша, су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Инфрақұрылымды жүргізу кезінде шаруалардың ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру көзделген.

Кеңесте кадр даярлау мәселесі де талықланды. Биыл шілдеде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. 2024-2025 оқу жылында су мамандығы бойынша 523 бакалавриат студент қабылданды, бұл өткен оқу жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 80-нен астам студент «Қазсушар» РМК өңірлік филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті. «Болашақ» бағдарламасына су шаруашылығы саласындағы мамандықтар енгізілген. Сондай-ақ қазақстандық мамандар біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. Мысалы, Нидерланд Корольдігімен бірлесіп «Қазсушар» РМК-ның 450 қызметкеріне арналған курстар басталды.

Биылғы сәуірде жерасты суларының мониторингі мен басқаруын жақсарту үшін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеология қызметі» құрылды. Су тасқынын болжау және моделдеу мақсатында президенттің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған flood.gharysh.kz ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.

Су шаруашылығын басқару жүйесін трансформациялау шеңберінде биыл «Қазсушар» РМК-ны «Нұра топтық су құбыры» РМК-мен біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру жүргізілді. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында бейінді емес және шығыны мол қызмет түрлерін оңтайландыру басталды. Бүгінде қолда бар 1440 техниканың жартысынан көбі жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты Үкімет биылғы маусымда 757 техника сатып алу үшін 51,7 млрд теңге бөлді. 

Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және болашақ ұрпақ үшін ауыз суды үнемдеу жөнінде міндеттер қойды. Көктемгі су тасқыны бүкіл су шаруашылығы саласын жаңғырту қажеттігін көрсетті. Біз қазірдің өзінде су шаруашылығы нысандарын ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастадық. Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығынын өтеуге баса назар аудару қажет. Бірінші кезектегі міндет – келесі вегетациялық кезеңге дайындық. Барлық іс-шаралар уақтылы жүргізілуі тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үйлестіру ісін жақсарту мақсатында жыл соңына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне диқандарға су беру қызметтерінің құнын субсидиялау және су үнемдеу технологияларына инвестиция салу кезінде шығындарды өтеу жөніндегі функцияларын беру тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама