Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 7 мыңнан аса сайт анықталды
Прокуратурада есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелері талқыланды
Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 7 мыңнан аса сайт анықталды. Бұл туралы өңір прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кеңес барысында өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелері мен осы бағыттағы жаңа шаралар талқыланды.
Облыс прокуратурасы есірткі бизнесімен күреске бағытталған «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасын іске асырып жатыр. Ведомствоаралық топ құрылып, нәтижесінде есірткі заттарын насихаттайтын 7 мыңнан астам жарнамалық сайт анықталып, бұғатталды. Есірткі заттарын белгіленген жерлерде қалдыратындардың көшелердегі жарнамалық жазбалары мен граффитилерін бояу шаралары қолданылды, – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, есірткіні жарнамалауға қатысты 55 қылмыстық іс қозғалған. Әлеуметтік желіде, оның ішінде 98 телеграм арнада мазмұны заңға қайшы және заңсыз әрекеттерге шақыратын 174 сілтеме бұғатталды.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жабайы қарасораны анықтау және жою жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқаны айтылды. Жоба барысында Осакаров, Нұра және Қарқаралы аудандарында 200-ден астам қарасора бұталары жойылды.
Кеңес қорытындысы бойынша есірткі бизнесіне қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар бекітілді.