Тоқаев бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады
Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар
Республика күні қарсаңында президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Республика күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Арман Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г. Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г. Прокопқа берілді.
«Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.
І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары А.Рауға, Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге,
ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Н. Онжановқа және еңбек ардагері Ж. Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені премьер-министрдің орынбасары Т. Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б. Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Сейдәзімовке табысталды.
Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы З. Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О. Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б. Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х. Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К. Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К. Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д. Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж. Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.
Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі С. Героев, күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы А. Алиев, «Мицва» қауымдастығының төрағасы А. Барон және «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С. Вишняк марапатталды.