Құжатта мемлекеттің мүддесі қорғалмаған
Мәжілісте депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулерді неге қолдамағанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Аталған заң жобасын Константин Авершин таныстырды.
Бақтықожа Ізмұхамбетов құжат жұмыс тобында қаралмағанын жеткізді.
Заң жобасын қарауға қай уақытқа және кім Үкіметке өтінім жолдады? Үкімет оған қорытындыны қалай берді? Отырыс барысында соны сұрадым. Отырыста заң жобасын дайындағандар сұрақтарымызға да жауап бере алмады. Мен 20 жылдан аса жер қойнауын пайдалану саласын басқарған адаммын. Сондықтан бұл саладағы заңнаманың мән-жайын білмесем, осы бағыттағы талқылауларға араласпас едім. Заң жобасы жұмыс тобында қаралмаған, яғни біз оны қарамасақ та Үкімет «бәрі дұрыс» деген қорытындысын беріп отыр..., - деді депутат отырыстан соң.
Оның пікірінше, заң жобасында мемлекеттің мүддесі қорғалмаған.
Кез келген заң мемлекеттің мүддесін қорғауы керек. Әңгіме осында. Атап айтқанда, жер қойнауына қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда Қазақстанның мүддесін қорғайтын баптар болуы керек. Ал егер мына заңдағы баптарды қарасаңыздар, онда (мемлекеттің) мүддесі жоғалып тұр. Осыны түсінгеннен кейін айтып тұрмын. Заңды оқысақ, Үкімет көп нәрсеге араласа алмайды. Заң жобасында Үкіметтің мүддесін қорғайтын баптарды көрмедім, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ол аталған құжатты тағы қарау керегін атап өтті.
«Сондықтани жұмыс тобында заң жобасын талқылап, келісімге келуіміз керек. Ешқандай талқылаусыз, таныстырусыз Үкіметпен келісілген деген баптарды көрсетіп отыр. Олай болмайды! Енді Мәжілістегі жұмыс тобындағы талқылау кезінде, заң жобасындағы кемшіліктерді егжей-тегжейлі қарастырамыз», - деді депутат.
Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ұстамынша, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасы дұрыс жазылмаса, ұят болады.
1994 жылы «Жер қойнауын пайдалану туралы» заң шықты. Оны жазған 3 автордың бірі мен боламын. Саланы тікелей басқарған адаммын. Президент, премьер-министр бәрі көріп отыр. Сондықтан ертең бірдеңе дұрыс болмаса, ұят болады. Жас емеспін. 36 жыл жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істегеннен кейін бір нәрсені қарамай жіберсем, дұрыс болмайды. Мұнде менің мүддем жоқ. Себебі, мен бизнесмен емеспін, - деді ол.