Ақмола облысында тағы екі жайлы мектеп ашылды

Динара Амантай

Білім беру ұйымдары бір ауысымда оқитын 1200 оқушыға арналған

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Ұлттық жоба аясында Ақмола облысының Қабанбай батыр және Қаражар ауылдарында тағы екі білім беру ұйымы ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мектептер бір ауысымда оқитын 1200 оқушыға арналған. Мұнда жаңартылған кабинеттер, 2 спорт залы, STEM-зертхана, асхана, кітапхана және хореография залы қарастырылған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының маңыздылығы – білім беру сапасын арттыру және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою. Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады:

  • бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған;
  • заманауи техникалық шешімдерді енгізу арқылы қауіпсіздік шаралары күшейтілген;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құрылған;
  • заманауи пән кабинеттерімен қамтамасыз етілген.

Биылғы оқу жылының басынан бері елімізде 74,8 мың оқушыға арналған 27 жайлы мектеп ашылды, оның алтауы Ақмола облысында орналасқан.

Айта кетсек, 2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.